Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында жүргізілген далалық зерттеулер барысында Қаратау флорасы үшін жаңа түр — кәдімгі шәңкіш (Viburnum opulus L.) алғаш рет тіркелді.
🔬 Өсімдік қорықтың солтүстік беткейінде мемлекеттік инспектор Сәкен Утембаев пен ғылыми қызметкерлердің бірлескен экспедициясы кезінде анықталды. Өсімдікке морфологиялық сипаттама жасалып, гербарий үлгісі жиналды және өскен жерінің географиялық координаттары тіркелді.
🌱 Кәдімгі шәңкіш — Adoxaceae тұқымдасына жататын бұта. Гүлдері ақ, ал жемістері ашық қызыл түсті. Оның табиғи таралу аймағына Еуропа, Кавказ, Батыс Сібір және Орта Азия кіреді.
Кәдімгі шәңкіштің қорық аумағында алғаш рет тіркелуі — Қаратау флорасының түрлік құрамын толықтыратын маңызды ғылыми дерек. Жиналған материалдар түрдің таралуын нақтылау және алдағы зерттеулер үшін пайдаланылатын болады.
📌 Ғылыми атауы: Viburnum opulus L.
📌 Қазақша атауы: кәдімгі шәңкіш
📌 Тұқымдасы: Adoxaceae
📌 Тіршілік формасы: бұта







