Жаңа жыл жақындаған сайын жер- жерде қылқан жапырақты ағаш сатушылар қарасы да көбейе түсетіні шындық. Ал тұрғындардың жасанды шыршаны емес, көбінесе табиғи шыршаны таңдайтыны да рас. Сол себепті де, жыл сайын мемлекеттік инспекторлар шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.
Бүгінгі таңда қылқан жапырақтыларды сақтау- маңызды міндет. Кей аймақтарда заңсыз кесу, орман өрттері, климаттың өзгеруі өсімдіктердің жойылуына себеп болуда. Әсіресе тау беткейлеріндегі аршалы ормандар экологиялық тепе- теңдікті сақтау үшін ерекше қажет. Аршаның тамырлары топырақ қозғалысын тежейді, ал жапырақтары ауаны тазартады.
Әрине, жаңа жылды орманнан келген әсем шыршамен қарсы алғанға не жетсін. Алайда бір күндік қызыққа бола жасыл шыршаны жаппай кесе берсек не болады? Шырша ағашы баяу өседі, ал адамдар енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас өскіндерді кеседі. Ал сол кескен ағашты бірнеше күн ғана пайдаланып, содан кейін лақтырып тастайды. Орманның «Жасыл сұлуын» заңсыз отауға тек қана жаңа жыл қарсаңында ғана емес, жалпы жыл-он екі ай бойына қатаң тиым салынады. Орманда өсіп тұрған ағаш та заңның қорғауында екенін ұмытпайық!
Ең бастысы, қылқан жапырақты ағаштарды сақтай отырып, бәріміз бірге өлкемізді одан сайын көркейте түсейік.
Ж.С. Джанабатырова
ғылыми қызметкер







