Өсімдіктердің сирек кездесетін және эндемиялық түрлерінің мониторингтік бағдарламасы табиғатты қорғау мекемелерінде ғылыми қызмет пен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес, сондай-ақ «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 175 Заңының 41-бабына сәйкес жүзеге асырылуда. Зерттеудің мақсаты – сирек кездесетін және эндемикалық өсімдіктер түрлерін қорық экожүйелеріндегі жағдайын бағалау және табиғи қалпында сақтау мақсатында зерттеу және бақылау.

         Зерттеу жұмыстарының мақсаттары: өсімдіктердің сирек кездесетін және эндемиялық түрлерін және олардың мекендеу орындарын зерттеу бойынша ботаникалық экспедицияларды ұйымдастыру, өсімдіктердің сирек кездесетін және эндемикалық түрлерінің ағымдағы жай-күйіне мониторинг жүргізу, жағымсыз антропогендік факторларды жою немесе олардың алдын алу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи аумақтық кешендерін және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін табиғи қалпында сақтау.

Қорық құрылғанға дейін сирек, эндемикалық, бағалы дәрілік және мал азықтық өсімдіктердің таралу аймағы айтарлықтай қысқарған болатын. Олардың орнын улы арамшөптер басты. Эрозия процестері және табиғи фитоценоздардың күйреуі байқалып, жалпы экожүйенің динамикалық өзгеруіне әкелді. Жазық ормандарды кесу жер асты суымен қамтамасыз ету режимінің бұзылуына әкелді. Осы бақылаулар бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері сирек, эндемикалық және реликті түрлердің популяцияларының қалпына келу динамикасын және тұтастай алғанда қорықтың фитоценоздары мен экожүйелерінің дамуын қадағалауға біздерге мүмкіндік береді .

         Алдағы уақытта біздің басты міндетіміз: қорық аумағында өсетін сирек және эндемикалық өсімдік түрлерін зерттеу, олардың мекендеу ортасын зерттеу, өсімдіктер қауымдастығындағы сирек және эндемикалық өсімдік түрлерінің жағдайын бақылау, «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша сирек және эндемик өсімдіктер түрлеріне, оның ішінде индикаторлық өсімдіктер түрлеріне фенологиялық бақылаулар  жүргізу.

         2022-2026 жылдар аралығында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша Қаратау қорығында жалпы көлемі 34 300 гектарды құрайтын жер көлемінде өсімдіктердің 1232 түрі анықталды. Олардың ішінде 135 түр эндемді өсімдік және ҚР Қызыл кітабына 59 түр енген.

         Жеміс ағаштарының ішінде популяциясы өте азайып бара жатқан 3(R) түрінің статусы бар Сиверс алма ағашы ерекше орын алады. Саны азайған тұр. Қоректік, декоративті. Биіктігі 2- 8 м-ге жететін, қабығы сұр-қоңыр не қою сұр түсті ағаш, тәжі кең. Гүлдері ашық-қызғылт немесе ақ, диаметрі 3,5-6 см. Қазақстанда ол өте жоғары полиморфизмге ие, әсіресе жемістердің мөлшері, түсі, дәмі және пісетін уақыты бойынша. Тарбағатайдың орталық бөлігінде, Жоңғар және Іле Алатауының орманды белдеуінің төменгі жағынд, Шу-Іле тауында, Қырғыз Алатауы мен Қаратауда өзен алқаптарында және шатқалдардың түбінде өседі.

         Қаратау қорығында және оған жақын аумақтарда Сиверс алмасының тіршілік ету ортасы шектеулі. Құрғақ климатта бұл түр шын мәнінде өте сирек кездеседі, тоғайлы ормандардағы өзен жайылмаларының бойындағы қалыпты ылғалды жерлерді мекендейді. Сиверс алма ағашы 12-15 сәуір аралығында гүлдейді, жемісі тамыз айының соңына қарай немесе  қыркүйекте толық піседі.

          Алма бақтары бір кездері аты айтып тұрғандай Алмалысай мен Алмалы шатқалдарында кең-байтақ жерді алып жатқан. 1995-2005 жылдары Хантағы, Біресік және Аша өзендерінің бойындағы жайылма ормандарды кесіп, отындыққа пайдаланудың әсерінен осы түрдің саны мен таралу аймағының күрт төмендеуіне әкелді. Біздің зерттеулеріміз бойынша Сиверс алмасы Қаратау жотасының мына аталған аумақтарында таралған. Үлкен Қарақуыс шатқалдарында Елшібай-бұлақ маңында, Көккезен өзенінің жоғарғы ағысында, Суалма жолындағы Аша шатқалында, Алмалы жолындағы Біресік шатқалында, Жыңғылшық шатқалында, Серғазы асуында  табылды. Қорықтың солтүстік-шығыс бөлігінде біз келесі шатқалдарда Сиверс алма ағашының популяциясының өсетін жерлерін анықтадық.

         Қазіргі таңда өсімдік әлемінің биоалуантүрлілігін сақтау- жаһандық экологиялық мәселелердің бірі болып табылады. Әсіресе сирек және эндемик түрлердің жойылып кету қаупі олардың табиғи таралу аймақтарының қысқаруымен және климаттық өзгерістермен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Сиверс алмасы сияқты реликті түрлердің маңызы зор. Климаттық факторлар- температураның жоғарылауы, жауын-шашын режимінің өзгеруі және құрғақшылық- өсімдіктердің өсуіне, таралуына және популяциялық құрылымына айтарлықтай әсер етеді. Нәтижесінде кейбір өсімдік қауымдастықтары деградацияға ұшырап, табиғи қалпына келу қабілеті төмендейді.

         Қаратау жотасының геологиялық ерекшеліктері мен биологиялық-географиялық оқшаулану жағдайлары ауруға төзімді және өзінің генотиптік және фенотиптік ерекшеліктерін сақтап қалған Сиверс алма ағашының жергілікті популяциясын сақтауға ықпал етуде. Жемістер аздап қышқыл, тәтті емес, ал піспеген кезде аздап ащы, ауызды қуратады. Піскен кезде олар шөлді қандырады. Құлаған алмалармен  борсықтар, үнді жайрасы және құстар қоректенеді. Қаратау қорығына қарасты Хантағы тауының етегінде 0,5 гектар жер көлемі қоршалып, ол жерлер өңделіп, Сиверс алмасының тұқымдары егілген болатын. Бірақ егілген тұқымдар шықпай қалды. Алайда осы түрдің және жоңғар, Түркістан доланалары, Регель алмұрты, соғды шағаны, Семенов үйеңкісінің, қаратау ырғайының жергілікті түрлерінің жас көшеттері қорық аумағынан  қазып әкелініп, ғылыми танымдық кешенге  отырғызылды. Қазіргі таңда олардың өсу процесі баяу болғанымен, сол жерге жақсы жерсінуде. Бұл жұмыстар туристерді, студенттерді және оқушыларды қорықтың жабайы флорасымен таныстыру мақсатында.

         Қаратау қорығы аумағында өсетін жеміс ағаштары, әсіресе популяциясы азайып бара жатқан сирек түрлер, ерекше қорғауды және ғылыми негізделген шараларды қажет етеді. Алдағы уақытта бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Ең алдымен, сирек кездесетін жеміс ағаштарының қазіргі жағдайын анықтау үшін жүйелі мониторинг жүргізіледі. Ғалымдар олардың таралу аймағын, саны мен табиғи жаңару деңгейін зерттеп, нақты деректер базасын қалыптастырады. Бұл жұмыстар ғылыми институттармен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар, генетикалық қорды сақтау мақсатында сирек түрлердің тұқымдары жиналып, арнайы ботаникалық бақтар мен зертханаларда сақталады. Мұндай тәсіл жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді қолдан көбейтуге мүмкіндік береді. Кейбір түрлерді табиғи ортаға қайта енгізу (реинтродукция) жұмыстары да қолға алынбақ. Қорық аумағында антропогендік әсерді азайту да маңызды міндеттердің бірі. Заңсыз ағаш кесу, мал жаю және өрт қауіптерінің алдын алу үшін бақылау күшейтіледі. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар арасында экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіліп, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылады. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде жеміс ағаштарының ауруларға төзімділігі, климат өзгерісіне бейімділігі сияқты қасиеттері де зерттеледі. Бұл болашақта оларды сақтау мен тиімді көбейту әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қаратау қорығындағы сирек жеміс ағаштарын сақтау — ғылыми зерттеу, қорғау шаралары және қоғаммен байланыс сияқты бағыттарды қамтитын ұзақ мерзімді әрі маңызды жұмыс болып табылады.

         Ғылымды дамыту және табиғатты қорғау бағытында Қаратау қорығы ғылыми қызметкерлері еліміздің ғылыми институттарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты — аймақтың биологиялық әртүрлілігін жан-жақты зерттеу, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау және экожүйені сақтау жолдарын жетілдіру. Қорық мамандары Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қарасты ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, далалық зерттеулер, мониторинг жұмыстары және ғылыми экспедициялар ұйымдастырады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының ғалымдарымен бірге ғылыми жобаларға қатысып, жас зерттеушілерді даярлауға үлес қосуда. Бірлескен зерттеулер барысында Қаратау өңірінің флорасы мен фаунасы тереңірек зерттеліп, жаңа ғылыми деректер жинақталуда. Әсіресе, эндемик өсімдіктер мен сирек жануар түрлерін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Ғалымдар климат өзгерісінің табиғатқа әсерін де зерттеп, экологиялық қауіптердің алдын алу шараларын ұсынуда.

         Қорыта айтқанда, Қаратау қорығы мен ғылыми институттар арасындағы байланыс — табиғатты сақтау мен ғылымды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай бірлескен жұмыстар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және табиғи мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмыстарының қорытындылары ғылыми қауымдастыққа кеңінен таралуы үшін арнайы ғылыми басылымдарда жарияланады. Қаратау қорығының және ғылыми институттардың бірлескен еңбектерінің нәтижелері көбінесе Жоғары аттестациялық комиссия (ВАК) талаптарына сай келетін журналдарда ғылыми мақала түрінде жарық көреді. Ғылыми мақалаларды ВАК тізіміндегі басылымдарда жариялау арқылы ғалымдар өз нәтижелерін халықаралық деңгейде танытып, басқа зерттеушілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде ғылымның дамуына, жаңа идеялардың пайда болуына және табиғатты қорғау саласындағы тиімді шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.

        

    

 

                                          Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің

                                          ғылыми қызметкері: Ж.С. Джанабатырова

1galaweb1