Жаңа жыл жақындаған сайын  қылқан жапырақты ағаш сатушылар қарасы да көбейе түсетіні шындық. Ал тұрғындардың жасанды шыршаны емес, көбінесе табиғи шыршаны таңдайтыны да рас. Сол себепті де жыл сайын орман сақшылары шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.Осыған орай,

«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінен арнайы жедел топтар құрылып, шыршаны заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары барысында қызмет атқарады. Олар сондай-ақ, жыл сайын облыс қалалары және елді мекендерінде жаңа жылдық шыршаларды сатумен айналысатын сауда нүктелеріне табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлескен рейдтер жүргізеді.Әрине, жаңа жылды орманнан келген әсем шыршамен қарсы алғанға не жетсін. Алайда бір күндік қызыққа бола жасыл шыршаны жаппай кесе берсек не болады? Шырша ағашы баяу өседі, ал адамдар көбіне енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас қарағайларды кеседі. Ал сол кесілген ағашты бар болғаны бірнеше күн ғана пайдаланып, содан кейін лақтырып тастайды. Осы орайда еске сала кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген.Жалпы, жасыл шыршамыз орманның сәнін келтіретін сұлу тіршілік иесі болғандықтан, оны заңсыз отауға тыйым салайық. Сұлу табиғатымыздың көркін келтірер қылқан жапырақты ағаштарды сақтау арқылы, өлкемізді көркейтейік.

1galaweb1