Еліміздің флорасы пайдалы өсімдіктерге, оның ішінде дәрілік өсімдіктерге өте бай. Қазір елімізде 100-ден астам дәрілік өсімдіктер өседі деп есептеледі, алайда олардың саны одан көп болуы мүмкін. Жалпы дәрілік өсімдіктер қатарына дәрілік өсімдіктер, оларға жақын түрлер, халықтық медицинада қолданылатын өсімдіктер мен биологиялық белсенді заттардың көздері кіреді. Егер осыны ескеріп есепке алатын болсақ дәрілік өсімдіктердің қатары бірнеше есеге көбейетіні сөзсіз. Ертеректе дәстүрлі медицина дамымаған уақытта халық арасында емшілер халықтық медицинаның қыр сырын меңгеріп алдына келген науқасты дәрілік шөптерден жасалынған дәрілердің көмегімен емдеген.

Қаратау қорығында ботаникалық зерттеулер нәтижесінде қазіргі кезге дейін өсімдіктердің 1221 түрі анықталды. Жалпы олар  534 туысқа, 164 тұқымдасқа біріктірілген:  201 балдырлар түрі;  150 саңырауқұлақтар түрі, 75 түр Мүктәрізділер, 4 түр Қырықбуындылар, 6 түр Шаңжапырақтылар, 2 түр Ашықтұқымдылар, 783  түр Жабықтұқымдылар.    Қазақстанның Қызыл кітабының 2014 жылғы жаңа басылымына 58 түрі кірді, оларға шаңжапырақтың – 1 түрі, жабықтұқымдылардың – 56 түрі және саңырауқұлақтың – 1 түрі енді. Эндемді өсімдіктердің саны 131 түр, олардың 11 түрі саңырауқұлақтар, 1 түрі шаңжапырақ және 119 түрі жоғары сатыдағы тұқымды өсімдіктер. Қаратау қорығының флорасында 84 өсімдіктер ежелгі реликттер, оның ішіндегі 81 түрі эндемдер. 783 жоғары сатыдағы өсімдіктердің  168-ның  шаруашылық маңызы бар, бұның ішінде 46-сы дәрілік өсімдіктер. Осы өсімдіктер ішінде жусан қазақ даласында ертеден қолданысқа ие. Жалпы Қазақстанда жусанның 80-нен асатам түрі бар деп есептелінеді. Көбісі жемшөп ретінде пайдаланылады. Қазақстанда өсетін жусандар ішінде көп елдердің емшілері емдікке қолданатын түрлері бар.   Әсіресе, дермене жусаны емдік шараларда көптеп қолданылады.

Дермене жусан – реликт, жойылып бара жатқан түр, саны аз. Бағалы дәрілік өсімдік. Биіктігі 40 см-ге дейін жететін жартылай бұталы өсімдік. Жапырақтары екі қайтара қауырсынды салаланған, төменгілері – ұзын сағақты, ортаңғылары мен жоғарғылары отырыңқы. Себеттері ұсақ, жұмыртқа тәрізді. Гүлдері қосжынысты, түтіктері сары немесе күрең қызыл. Қыркүйектің ортасында гүлдеп, қазан-қараша айларында жеміс салады. Тұқым арқылы көбейеді. Батыс Тянь-Шань тауларында, Қаратауда, Түркістан аймағында таралған. Сырдариялық Қаратауда тау етектерінде ақ жусанмен араласа жусанды сораңды бірлестік құрай өседі. Шөбінде лактон сантонин, ал жарылмаған гүл шоғында 7 процентке дейін, жер бетіндегі бөліктерінде 2 процентке дейін эфир майы бар. Халықтық  медицинада ашылмаған гүлшоғырын және шанақтана бастаған кезде гүлдеудің алдында сабақтың жоғарғы бөлігін пайдаланады. Дермене жусан дәнін ішек құртына қарсы дәрі ретінде қолданады, одан алынатын эфир майы – бактерия жойғыш, түрлі қабынуларды, ауырсынуды басатын дәрі. Дәрілік шикізатын безгек, асқазан ауруларын, түрлі улы жәндіктер шаққанда, өкпенің құрт ауруын емдеуге, эфир майын бөліп медицинада, өндірістік парфюмерияда қолданады. Дермене жусанның дәні улы болғандықтан, оны тек дәрігердің белгілеуі бойынша ғана қабылдаған жөн.         

Әр түрлі шаруашылық әрекеттерден, шамадан тыс дәрілік шикізат даярлаудан, кейін тың жерлерді игеру, мал жаю, алаптарды өртеу салдарынан қоры азайып кетті. 2014 жылы жарық көрген Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қалған қорын сақтап қалу үшін және қайта қалпына келтіру үшін дермене жусаны өсетін жерлерді шаруашылық қожалықтарының иеліктерінен босату, мал жаюды шектеу, дермене жусаны өскен аумақтарды қорғауға алып қорықшалар ұйымдастыру қажет, осылайша, ештеңені өзгертудің, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудің қажеті болмайды, себебі табиғат өзі қалпына келтіреді. Табиғат – адамзат оны шын көңілімен жақсы көрген кезде ғана қауіпсіздікте болады, сондықтан қолымызда барды бағалай білейік!

«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ ғылыми қызметкері А.Асылбекова

1galaweb1