Қазақстанның табиғи байлығының аса қымбат қазынасының бірі – Қаратау қорығында мекендейтін Қаратау арқары (Ovis ammon nigrimontana). Бұл – тек Қаратау жоталарын ғана мекендейтін сирек кездесетін эндемик жануар. Оның табиғи таралу аймағы шектеулі болғандықтан, бүгінде Қаратау арқары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі бар түрлердің қатарында.
Қаратау арқары – сымбатты, сергек жануар. Еркектерінің үлкен, иіле біткен мүйіздері оның айрықша белгісі саналады. Жартылай шөлді, тастақты тау беткейлерін мекендейтін арқар қиын жағдайларға бейімделген, жүйрік әрі саңлақ.
Олардың табиғаттағы рөлі де маңызды: арқар өсімдіктердің табиғи таралуына ықпал етеді және экожүйенің тепе-теңдігін сақтайды. Қаратау арқарын қорғау – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Тарихи кезеңдерде оның саны адам әрекетіне байланысты күрт азайған. Браконьерлік – заңсыз аң аулау арқар санының күрт төмендеуіне әкелді. Табиғи жайылымдардың тарыла түсуі – ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымның дамуы арқар мекенін тарылтады. Қыста азық жетіспеуі және қатал климат – табиғи факторлар да арқарлардың көбейуіне кедергі келтіреді. Генетикалық алуан түрліліктің азаюы – популяцияның шағын болуы олардың бір-бірімен жақын туыс болып шағылысуына, ауруларға бейімділіктің артуына себеп болады.
Қаратау арқарының санын көбейту үшін соңғы жылдары бірнеше маңызды шаралар атқарылуда. Олар: қаратау қорығының аумағын кеңейту және қорғауды күшейту – инспекторлардың жұмысын жандандыру, заманауи бақылау құралдарын қолдану (дрон, фототұзақ). Ғылыми мониторинг – ғылыми қызметкерлер популяция санын, жануарлардың жай күйін, мекендеу аумағын тұрақты қадағалайды. Экологиялық ағарту жұмыстары – жергілікті тұрғындар мен жастар арасында жануарларды қорғаудың маңызын түсіндіру.
Қаратау арқары – тек бір жануар түрі ғана емес, Қаратау табиғатының символы. Оны сақтау – біздің табиғатқа деген құрметіміздің көрінісі. Эндемик түрдің жойылып кетуі бүкіл экожүйеге кері әсер етеді. Сондықтан мемлекет те, қоғам да, жеке азаматтар да бұл жануарды қорғауға үлес қосуы қажет. Қаратау арқарын қорғау – туған жердің табиғи мұрасын сақтауға жасалған қадам.
Бүгінгі қамқорлық – ертеңгі болашақтың жарқын кепілі.
«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Б. Керимбай







