Құрметті Кентау қаласының тұрғындары мен қонақтары!
            Сіздерді табиғатпен үйлесімді саяхатқа шақыратын, Қаратау өңіріндегі танымал бағыттардың бірі – “Хантағы–Кемпіртас соқпағы” -мен таныстыруды жөн көрдік. Бұл соқпақ экотуризм қағидаттарына негізделген және келушілерге табиғатты бүлдірмей тамашалауға мүмкіндік береді.

Экотуризм деген не? Экотуризм – табиғи аумақтарды сақтай отырып, оларды тануға бағытталған жауапты саяхат түрі. Мұнда басты мақсат – қоршаған ортаға зиян келтірмей, жергілікті экожүйе мен биоалуантүрлілікті құрметтеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

«Хантағы–Кемпіртас» соқпағының ерекшелігі. Бұл бағыт Хантағы өзені  бойында орналасқан және жаяу серуендеуге лайықталып әзірленген. Соқпақ бойында Қаратауға тән өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ ерекше табиғи нысандарды көруге болады.

Сапар барысында туристер:

  • таулы және жартасты ландшафттарды;
  • сирек өсімдіктер өсетін табиғи аймақтарды;
  • тарихи-танымдық мәні бар Ханның тағы және Кемпіртас жартасын тамашалайды.

Бұл соқпақ – фотоәуесқойлар мен табиғат сүйер жандар үшін ерекше әсер сыйлайтын бағыт.

Бір күндік тур барысында не көруге болады? «Хантағы–Кемпіртас» соқпағы бір күндік экотур үшін өте қолайлы. Бағдарлама әдетте келесі нысандарды қамтиды:

Таңғы кезең:

Сапар «Қаратау табиғаты» ғылыми-танымдық кешеннен басталып Хантағы өзенінің аумағын жағалай отырып Ханның тағы жартасына барады. Таңертеңгі салқын уақытта туристер таудың етегіндегі өсімдіктер әлемімен танысып, таза ауада серуендейді. Бұл уақытта құстардың сайрауын тыңдап, табиғаттың тынысын сезінуге мүмкіндік бар.

Түске дейін:

Жаяу бағыт бойымен қозғала отырып, келушілер Қаратауға тән сирек өсімдіктерді, оның ішінде Алатау бәйшешегі, Грейг және Альберт қызғалдақтары сияқты түрлерді табиғи ортасында бақылай алады. Сонымен қатар әртүрлі жәндіктер мен құстарды көру мүмкіндігі бар.

Түскі уақыт:

Белгіленген демалыс орындарында қысқа аялдама жасалып, табиғат аясында тынығу ұйымдастырылады. Бұл сәтте қорық қызметкерлері экологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері туралы ақпарат береді.

Түстен кейін:

Сапардың ең әсерлі бөлігі – Кемпіртас жартасына жету. Бұл ерекше пішінді табиғи нысан көптеген аңыздармен байланысты және фотосуретке түсіру үшін тамаша орын. Жартастан Қаратау жотасының әсем көрінісі ашылады.

Кешкі кезең:

Қайтар жолда туристер күннің батуын тамашалап, табиғаттың тыныш әрі әсерлі көрінісіне куә болады. Бұл – сапардың ең есте қалар сәттерінің бірі.

Келушілерге арналған экологиялық талаптар

Экотуризмнің негізгі қағидаттарын сақтау – әрбір туристің міндеті:

  • белгіленген соқпақтан шықпау;
  • өсімдіктерді жұлмау және жануарларды үркітпеу;
  • қоқыс қалдырмау, табиғатты таза ұстау;
  • от жақпау және шу деңгейін шектеу.

Қорытынды

Қаратау жотасы аясындағы «Хантағы–Кемпіртас» соқпағы – табиғатты танып-білу мен демалысты ұштастыратын ерекше бағыт. Бір күндік тур барысында сіз тек әдемі көріністерді тамашалап қана қоймай, табиғатқа деген құрмет пен жауапкершілікті сезінесіз.

Құрметті келушілер, табиғатты аялау – ортақ міндет. Сіздерді қауіпсіз әрі мазмұнды саяхат күтіп тұр. Табиғатты бірге қорғайық!

Экоағарту және туризм бөлімінің бастығы Н.Мусаев

1galaweb1